ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУ

        Жұмысқа орналасу – кәсіби білім мен жүйелі жұмыс нәтижесі

Жыл сайын колледж қабырғасынан білім алып, үлкен өмірге жас маман болып 200-ден аса түлектеріміз жолдама алып жатады. Мамандарымыздың кәсіби жағынан толысуында теорияда берілген білімге қоса  кәсіби практикадағы жинаған тәжірибенің маңызы өте зор . Осы мақсатта аудандағы жалпы орта білім беретін  білім мекемелерімен, мектепке дейінгі ұйымдармен,мәдениет нысандарымен және мемлекеттік басқару мекемелерімен келісім-шарт жасасып, студенттердің үйренген бар білімін практикада сыннан өткізуіне жағдайлар жасалады. Одан бөлек  «Диплом алды практикадан» кейін  әлеуметтік серіктестердің , студенттердің қатысуымен конференция ұйымдастырылады. Осы іс-шарада түрлі  мәселелер айтылып, оны шешудің жолдары талқыланады. Кәсіби бағдар беру мақсатында аудандық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімімен біргелікте бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткіземіз және оған түлектердің қатысуын қамтамасыз етеміз.

    Өндірістік тәжірибеден өзін барлық қырынан көрсеткен  бітірушілердің жұмысқа орналасатыны ақиқат. Еңбек нарығындағы сұраныстарға орай маман даярлауды жолға қойған оқу орнымыз «Жұмыс сұрайтын емес, жұмыс ашатын» мамандықтарды оқытуды жолға қойған. Бүгінде колледждегі «Тігін өндірісі және киімдерді  үлгілеу» , «Музыкалық білім беру», «Әлеуметтік қызмет және халықтық көркемөнер шығармашылығы» , «Кәсіптік оқыту» мен «Техник-бағдарламашы» мамандықтарын бітірген  түлектердің жұмысқа орналасуы – 100 пайыз. «Бастауыш мектептің шет тілі», «Бастауыш мектептің математика мұғалімі», « Бастауыш мектептің информатика мұғалімі» мамандықтарына да еңбек нарығында сұраныс  жоғары. «Бастауыш білім беру» , «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандықтарын бітіргендердің жұмысқа орналасуы 70 пайыздан  жоғары. Жұмысқа орналасқандардың дені мемлекеттік білім беру және қызмет көрсету саласын қамтиды. Өз бетінше мамандығына сай кәсіп ашып , өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға қалайша риза болмассың?

   Өткен және одан арғы жылдары оқу орнын бітірген түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші  70 пайыздан жоғары болуы – колледжде берілер білімнің сапасын әрі өндірісте жинаған тәжірибенің жемісі.