КӘСІБИ ТӘЖІРИБЕ

Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі бойынша оқу-өндірістік тәжірибені ұйымдастыру мен өткізу туралы ереже

1.1. Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінде студенттерді кәсіптік тәжірибеден өткізу оқу процесінің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Оның негізгі мақсаты 1) білім алушылардың алған теориялық білімдерін тәжірибе жинақтау арқылы тереңдету, бекіту және мамандықтарына байланысты іскерлік дағдыларды қалыптастыру, 2) кәсіби бағдар беру жұмысын қамтамасыз ету; 3) еңбек нарығының сұраныстарына сәйкес теориялық оқыту мен өндірістік оқыту арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ету; 4) қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын сұраныстарына бейімделуіне ықпал ету; 5) еңбек ұжымы қызметіне тарту болып табылады. Білім алушылардың оқу-өндірістік тәжірибесі 27.07.2007 ж. Қазақстан Республикасы Білім туралы заңына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 11.09.2013 жылғы №369 бұйрығы мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 29.01.2016 жылғы № 107 бұйрығымен бекітілген «Кәсіптік практиканы ұйымдастыру мен өткізу қағидалары және практика базалары ретінде ұйымдарды айқындау қағидаларын» басшылыққа ала отырып, «Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінде оқу, өндірістік  практиканы ұйымдастыру және өткізу туралы» Ережесіне және Мемлекеттік  жалпыға  міндетті   техникалық  және  кәсіптік  білім беру стандартына  және  оқу жоспарларына сәйкес   ұйымдастырылады.

Тәжірибенің мынадай түрлері бар:

  1. Оқу тәжірибесі:
  2. Өндірістік – технологиялық тәжірибе.
  3. Дипломалды практикасы

1.2. Тәжірибенің барлық түрінің мақсат-міндеттерін ҚР БҒМ  бұйрығымен   бекітілген кәсіптік  тәжірбие  үлгілік оқу  типтік бағдарламалар анықтайды.  Типтік бағдарлама негізінде тәжірибенің әр түріне сәйкес оқу жұмыс бағдарламалары жасалады. Оқу жұмыс бағдарламасы колледждің оқу-әдістемелік ұйымдастыру комиссиясы отырысында қаралып, директордың оқу -өндірістік ісі жөніндегі орынбасары бекітеді.

1.3. оқу жұмыс бағдарламасында тәжірибенің түріне байланысты түсінік беріледі, мақсат- міндеттері, өту мерзімі мен берілген сағат саны көрсетіледі, мүмкіндігінше тәжірибенің тақырыбы мен мазмұны жазылады (кейде мектеп бағдарламасының мазмұны салынады). Оқушылардың игеруге тиісті білім, білік, іскерлік дағдылары, білім алушылар мен әдіскерлердің міндеттері, тапсыратын құжат түрлері, әдебиеттер беріледі. Типтік бағдарлама болмаған жағдайда адаптивтік жұмыс бағдарламасы жасалады.

1.4. тәжірибе бойынша оқу жоспарына, тәжірибе мерзіміне, өткізу орнына байланысты өзгерістер енгізуге болады,   енгізілетін өзгерістердің барлығына колледж директорының бұйрығы беріледі.

1.5. оқу, өндірістік тәжірибелерді  өткізу үшін оқу жылының басында база орны айқындалып, шарт жасалады. Шартта екі жақтың міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Тәжірибе базасына материалдық-техникалық базасы, педагогтарының сапалық құрамы жоғары, колледж білім алушыларына әдістемелік көмек көрсетуге дайын мекеме алынады.

1.6. тәжірибе орнына білім алушыларды бөлу туралы колледж директорының бұйрығы тәжірибе басталатын күннен кемінде бір күн бұрын шығарылып, тәжірибе орнына бұйрық көшірмесі беріледі. 

1.7. өндірістік тәжірибелерді өту барысында қажеттілікке байланысты я  білім алушының өтінішіне сәйкес білім алушы базалық тәжірибе орны болып табылмайтын мекемеден тәжірибе өтуге ниет білдірсе, мекемеден сұраныс хат әкелу  немесе жеке оқушыны тәжірибеден өткізу туралы шарт жасасу арқылы көрсетілген мекемеге жіберілуі мүмкін.

1.8. тәжірибе қорытындысы бойынша сынақ баға қойылып, сынақ ведомосі толтырылады. Қойылған баға теория түрінде өтілетін пәндерге қойылатын қорытынды бағамен тең қарастырылып, білім алушының жалпы үлгеріміне әсер етеді.

1.9. тәжірибе қорытындысы бойынша қойылған сынақ бағасы  білім алушының сынақ кітапшасындағы «Оқу, өндірістік тағы да басқа тәжірибе түрлері» деген бөлімге түсіріледі.

1.10. тәжірибеге дәлелді себеппен (денсаулығына байланысты т.б.) қатыспаған білім алушы қатыспау себебі туралы анықтама қағазын әкелген соң тәжірибені сабақтан тыс уақытта өтейді. Ал делелсіз жіберген білім алушы үлгермеуші ретінде оқудан шығарылады.

1.11. тәжірибеге шықпас бұрын білім алушыларға тәжірибе түрі, мақсат-міндеттері, құжаттарды дұрыс толтыру, қорытындысы бойынша тапсыратын құжаттар тізімі айтылып, еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және жол ережесі туралы инструктаж өткізіліп, арнайы журналға қол қойдырады.

1.12. тәжірибені қорытындылау үшін конференция өткізіліп, білім алушылардың жұмысы қорытындыланып, бағасы бекітіледі.

1.13. сырттай оқу білім алушылары үшін тек диплом алдындағы өндірістік тәжірибе қарастырылған (күндізгі оқу бөлімінде оқу жоспарында көрсетілген сағаттың 30% құрайды).

1.14. Мамандығы бойынша жұмыс жасайтын сырттай оқу білім алушысы жұмыс жасайтын орнынан анықтама әкеледі және жасаған жұмыстарының көшірмелерін тапсырады. Мамандығы бойынша не мүлде жұмыс жасамайтын білім алушылар өндірістік тәжірибе орнын өзі табады, тәжірибеден өтіп болған соң баға қойылған мінездеме, есеп, сабақ жоспары, т.б. құжаттар тапсырады.   

1.15. диплом қосымшасына практика түрлеріне байланысты бағалар қорытындыланып қойылады.

1.16. оқу орнында тәжірибе бойынша төмендегідей құжаттар жүргізіледі:

– оқу жылында тәжірибе уақыты көрсетілген оқу процесі кестесі (оқу орнының директоры бекітеді).

– еңбекті қорғау, техника және жол қауіпсіздігі ережесімен таныстыру туралы журнал.

– әр топқа арналған өндірістік оқытуды есепке алу журналы

– әр топтың тәжірибе қорытындысы бойынша  сынақ ведомостері.

– қорытынды конференция  материалдары.

– білім алушылардың тәжірибе құжаттары.

1.17. білім алушылардың тәжірибе құжаттары (мінездеме, есеп, күнделік, т.б) тексеріліп, бағаланған соң колледж мұрағатына сақтау үшін тапсырылады. Сақтау мерзімі іс номенклатурасына сәйкес.

1.18. базалық мекемелерге тәжірибе өткізгені үшін ақы төлеу бекітілген сметаға сәйкес жартыжылда бір рет  жүргізіледі.

1.19. тәжірибеге бекітілген колледж әдіскеріне ақы тарификация бойынша төленеді. Бекітілген әдіскерді басқа әдіскер ауыстырған жағдайда оқу бөлімі қосымша табель толтырып, заңда қарастырылған мөлшерде төленеді.

1.20. Фольклорлық практика ауыз әдебиеті үлгілерін жинау мақсатында практикалық жұмыс түрінде өткізілуі де, әдебиет тарихы, халық ауыз әдебиеті пәндерін тереңірек зерттеу мақсатында теориялық тапсырмалар орындау арқылы да өтілуі мүмкін. Фольклорлық практикаға ауыз әдебиеті үлгілерін жинау үшін ауылдық жерлерге (тұратын мекен –жайлары бойынша) жолдауға, өлкетану, этнографиялық, өнер мұражайларына саяхат ұйымдастыруға болады. 

ОҚУ ТӘЖІРИБЕСІ

Практика оқу жоспарына және оқу процесі кестесіне сәйкес колледж базасында немесе базалық тәжірибе орнында өткізіледі.  Мазмұны тәжірибенің оқу жұмыс бағдарламасына сәйкес ұйымдастырылады және өндірістік практиканың Ережесіне сәйкес жүргізіледі. Колледжде өтетін оқу тәжірибесі теориялық оқу түрінде өткізіледі, алдын ала кестесі жасалып, колледж директоры бекітеді. Өндіріс базасында өтілетін оқу тәжірибесі бұйрыққа сәйкес ұйымдастырылады, білім алушылар мұғалімнің, сыныптың қызметін бақылайды, талдайды, күнделік толтырады.

Оқу тәжірибесінің мақсаты:

А) оқушыларды бастауыш және негізгі мектепте оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізе білуге үйрету.

Б) педагогика, психология және пән әдістемелерінен аған теориялық білімдерін жетілдіру, бекіту.

В) оқушылармен және жасөспірімдермен жұмыс істей білуге үйрету.

Г) мамандыққа деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Оқу тәжірибелері:

  • медико- санитарлық дайындық ;
  • табиғаттану және экология (жаратылыстану)  (табиғатпен, айналадағы құбылыстармен таныстыру);
  • педагогикалық қызметке кіріспе
  • сыныптан тыс жұмыс технологиясы
  • жұмысшы мамандық бойынша (білім алушының таңдау пәні бойынша)
  • интернетпен жұмыс (компьютерлік технология)
  • байқау тәжірибесіне дайындық
  • жазғы тәжірибеге дайындық;
  • фольклорлық
  • диплом алдындағы тәжірибеге дайындық;
  • таныстыру,танымдық
  • оқу тәжірибесі
  • мамандандыру
  • бағдарламалау
  • Желілік технология
  • Объектілі бағытты бағдарламалау
  • Микропроцессорлық техника негіздері
  • БҚ өңдеу технологиясы
  • ЭЕМ операторы (Жұмыс кәсібі)
  • АЖ ақпаратпен қамтамасыз етуін құру және жүргізу
  • Unix ОЖ бойынша
  • Программаны сүйемелдеу мен құру

ӨНДІРІСТІК –ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ

0101000 – Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, 0103000 – Дене тәрбиесі және спорт, 0104000 – Кәсіптік білім беру (салалары бойынша), 0105000-Бастауыш білім беру, 0108000 – Музыкалық білім беру, 0111000 – Негізгі орта білім беру, 0403000 – Әлеуметтік – мәдени қызметі және халықтық көркемдік шығармашылығы (бейін бойынша), 1211000 Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, 1304000-Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)  мамандықтар үшін практиканың басты мақсаты:

  1. Студенттерді жалпы білім беретін мектептерде, мектепке дейінгі ұйымдарда оқу-тәрбие жұмыстарын өз бетімен ұйымдастыру, өткізу, қарым-қатынас және тәрбиенің негізгі міндеттерін шешуде шығармашылық жол табуға, балалардың психологиялық ерекшеліктерін білу.
  2. Балалар ұжымы мен жас өспірімдермен жұмыстануға, әдістемелік әдебиеттермен жұмыс істей білу және практикалық жұмыста қолдана білуге үйрету.
  3. Педагогика, психология және пән әдістемелерінен алған теориялық білімдерін тереңдету, бекіту.
  4. Педагогикалық мамандыққа сүйіспеншілікпен қарау.
  5. Үздіксіз практика студенттердің болашақ жұмысына бағыт берудегі қорытынды теориялық, практикалық дайындығының соңғы кезеңі. Осы практика барысында студенттер өзбетімен жұмыстануға білік пен дағдыны меңгереді.

                               ТӘЖІРИБЕНІ БАСҚАРУ

Колледж әкімшілігінің міндеті:

  1. Практиканы өткізуге қажетті жағдайлар туғызады, жалпы басшылық жасайды.
  2. Практика базасын анықтайды, мекемелермен тәжірибеден өткізу туралы шартқа отырады.
  3. Шартта қаралған міндеттерді орындайды.

Директордың оқу -өндірістік ісі жөніндегі орынбасары:

  1. Оқу-өндірістік практиканы жоспарлайды, ұйымдастырады, өткізеді және нәтижелерін есепке алады;
  2. Тәжірибе базаларын, педагогикалық практика өтетін мектептерді, мектепке дейінгі ұйымдарды таңдайды, келісімшарт жасайды.
  3. Машықкерлерді тәжірибе орындарына, мектептерге бөледі, машықкерлерге нұсқау береді;
  4. Білім алушыларды педагогикалық тәжірибеге жолдау туралы бұйрық жобасын әзірлейді;
  5. Тәжірибе бойынша бастапқы және қорытынды конференция ұйымдастырады, қатысады ;
  6. Тәжірибе базаларына барады, тәжірибе жұмысын бақылайды, жетілдіру және анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарын жүзеге асырады.
  7. Тәжірибеге ақы төлеу үшін сағаттарын есептейді, есеп бөліміне табель тапсырады.
  8. Колледж әдіскерлері мен тәжірибеге бекітілген жетекшілердің жұмысына бақылау жасайды.
  9. Тәжірибеден өтушілердің сабақтарына, сыныптан тыс шараларына қатысады, сабағын, өткізген шарасын талдайды, бағалайды.
  10. Тәжірибеден өтушілердің құжаттарын тексереді, қорытынды бағасын қояды.

Практика жетекшісінің (әдіскердің) міндеті:

  1. Машқкерлерді шағын топтармен сыныптарға, топтарға бөлу.
  2. Мектептің оқу ісінің меңгерушісі мен мұғалімдеріне практиканың мақсаты мен мазмұны, ұйымдастырылуы туралы түсінік беру және өздеріне жүктелетін міндеттерімен таныстыру.
  3. Практика басталар алдында машықкер-студенттермен нұсқау беру мақсатында жиналыс өткізу, мақсаты мен міндеттерін түсіндіру.
  4. Машықкерлердің сабақтары мен шараларына қатысу, талдау барысындағы жетістіктері мен кемшіліктері туралы күнделіктерге жазу.
  5. Үздіксіз практика аяқталғаннан соң студент-машықкер құжаттарын жинау, тексеру, құжаттарды тәжірибе бөліміне тапсыру.
  6. Мұғаліммен бірлесе отырып машықкердің жұмысын бағалау.
  7. Директордың ОӨ ісі жөніндегі орынбасарына мұғалімге төленетін ақы жөнінде есеп беру.
  8. Практиканың қорытындысы бойынша өткізілетін конференцияға қатысу, машықкердің  жақсы баяндамаларын таңдау.
  9. Практика аяқталғаннан кейін тәжірибе бойынша өндірістік оқыту  журналын, сынақ ведомосі мен сынақ кітапшасын толтыру.  
  10. Машықкерлердің әрқайсысына жеке әдістемелік нұсқау және байқау сабақтары мен сыныптан тыс шаралардың конспект жоспарын бекітеді.
  11. Машықкерлердің байқау сабақтары мен сабақтан тыс шараларына қатысады, талдау жасайды және бағалайды.
  12. Мектеп мұғалімдеріне көрсету сабағы мен шарасын өткізуге көмек береді.
  13. Тәжірибе уақытында білім алушылардың өмір қауіпсіздігіне жауап береді.

Бөлім меңгерушісі мен топ жетекшілерінің міндеті:

  1. Директордың оқу- өндірістік ісі жөніндегі орынбасарына, әдіскерлерге қажет болған жағдайда тәжірибені ұйымдастыруға, өткізуге, көмек көрсетеді.
  2. Оқу және өндірістік тәжірибе барысында өз бөлімінің білім алушыларының тәжірибеге қатысымын бақылайды, жоқ оқушылардың қатыспау себебін анықтайды, қатысым бойынша оқу бөліміне есеп береді.

Тәжірибе орны басшылары мен қызметкерлерінің міндеттері:

  1. Машықкерлерді қабылдау, практика жетекшісімен бірлесе отырып топшаларға бөлу, жұмыс орнымен таныстыру.
  2. Машықкерге тәжірибелі әдіскер бекіту, оқу-тәрбие жоспарымен таныстыру.
  3. Көрсету сабақтарын өткізеді, әдістемелік, көрнекілік құралдарды табуға, жасауға, пайдалануға үйретеді.
  4. Күнтізбелік тақырыптық жоспарға сәйкес сабақ тақырыбын анықтайды, сабақ жоспарын құруға көмектеседі, кеңес береді.
  5. Тәрбие жоспарына сәйкес тәрбие сағаттарын, сыныптан тыс шаралардың тақырыбын береді, дайындауға көмектеседі.
  6. Байқау сабақтарына, сыныптан тыс шараларына қатысады, талдайды және бағалайды.
  7. Тәжірибеден өтушілерді сыныптың оқу құжаттарымен, оқушылардың жеке іс құжаттарымен таныстырады, оқушылармен, ата-аналармен жұмыс жасауға тартады.
  8. Тәжірибе қорытындысы бойынша мінездеме береді, қорытынды конференцияға қатысады.

 Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі  білім алушылары- машықкерлердің міндеттері:

  1. Мекеменің ішкі ережелеріне бағыну, мекеме басшысы, практика жетекшісі, сонымен қатар оқытушылар мен әдіскерінің тапсырмаларын тиянақты орындау.
  2. практика бойынша күнделік жүргізу, тиісті құжаттарды уақытында дайындау, белгіленген мерзімде тапсыру.
  3. Еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі ережелерін, еңбек тәртібін қатаң сақтау.
  4. Практика бағдарламасына сәйкес қарастырылған барлық тапсырмаларды орындау.
  5. Бекітілген кестеге сәйкес байқау сабақтарын, сыныптан тыс, тәрбиелік шараларды  өткізу.
  6. Басқа машықкерлердің байқау сабақтарына, сыныптан тыс, тәрбиелік шараларына қатысу, талдау
  7. Тәжірибе орнында кішіпейіл, әдепті болу

Үздіксіз практика аяқталған соң студент-машықкер төмендегі құжаттарды тапсыру керек 

  1. Практика күнделігі.
  2. Жасаған жұмыстары туралы жазбаша есебі.
  3. Студентке мекеме басшысы бекіткен мінездеме.
  4. Портфолио (тәжірибе түріне байланысты өткізілген іс-шаралар материалдары, сабақ жоспары, тәрбие сағаттарының жоспары мен көрнекіліктері, т.б.)

Директордың оқу -өндірістік ісі жөніндегі орынбасары: Аташов С.Қ.


Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гумани-
тарлық-техникалық колледжі директордың
оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі
орынбасары С.Аташовтың 2020-2021 оқу
жылының І- семестрі бойынша атқарған
жұмыстарының

Е  С  Е  Б  І

Студенттерді кәсіптік тәжірибеден өткізу – оқу процесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Оның негізгі мақсаты: – білім алушылардың теориялық білімдерін тәжірибе жинақтау арқылы тереңдету, бекіту және мамандықтарына қатысты іскерлік дағдыларды қалыптастыру: – еңбек нарығының сұранысына сәйкес теориялық оқыту мен өндірістік оқыту арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ету: – қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын сұраныстарына бейімделуіне ықпал ету. Оқу орынындағы білім алушылардың оқу-өндірістік тәжірибесі «Білім туралы» заңына,мемлекеттік жалпыға міндетті техникалық және кәсіптік білім беру стандартына және типтік оқу бағдарламаларына , Білім және ғылым министрлігінің №107 бұйрығымен бекітілген «Кәсіптік практиканы ұйымдастыру мен өткізу қағидалары мен практика базалары ретінде ұйымдарды айқындау қағидаларын» негізге ала отырып, «Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық- техникалық колледжінде оқу- өндірістік практиканы ұйымдастыру мен өткізу туралы» Ережесіне сәйкес ұйымдастырылды.

2020-2021 оқу жылы басында барлық мамандықтар бойынша типтік бағдарламаға ненгізделген әр практиканың жұмыс бағдарламалары жасалды. Практиканы өткізетін база ретінде 23 мекемемен келісім-шарттар жасалды . Қараңыз №1 қосымша. Оның ішінде мектеп, балабақша, мәдениет үйлері мен драма театр, әкімшілік және мемлекеттік қызметті жүргізу мекемелері, тігін цехтары, кәсіпкерлік ұйымдар бар. «Тігін өндірісі» мамандығының І курс МКБ 20-1 тобы студенттері «Дуалды оқыту» жүйесіне ауыстырылды. Дуалды оқытуға сәйкес келесі жылдан бастап студенттеріміз практиканы өндірісте оқу процесімен қатар жүргізетін болады. Дуалды оқыту бойынша «колледж- жұмыс беруші- білім алушы» болып үш жақты келісім-шарт түзілді.Кеше ғана, 13 қаңтар күні Білім және ғылым министрінің қаулысына сәйкес енді дуалды оқыту бойынша білім алған студенттердің жұмыс жасаған уақыты еңбек өтіліне қосылатын болуы – білім алушыларды еңбекке ынталандырып, мүмкіндігін ашып көрсетуге, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға талпындыра түседі. Жасасқан келісім-шарт жасасуда білім алушыларымызға жасалар мүмкіндіктерді басты назарға қойдық. Білім алушыға таңдау қарастырылды. Мемлекеттік мекеме, я болмаса жеке кәсіпкерлік нысан. Себебі біз педагогикалық бағытта білім беріп жатқан мекеме болған соң, мектепке апарамыз. Ол білім берудің басқа нысанын қалайды. Өз қалауымен , өзі таңдаған мекемеге барған машықтанушы сол ортада өз қабілетін жарқырата көрсетуге мүдделі немесе көп нәрсе үйреніп, өз кәсібін ашуға тәжірибе жинайды. Осы арқылы ол жұмысқа орналасу немесе жұмыс ашу мәселесін күні бұрын шешіп қояды.Қазіргі кезең талабы оқуды бітірген соң жұмыс сұрайтын емес, өз жұмыс орынын ашуға қабілетті мамандар тәрбиелеу.

Елдегі эпидемиялық ахуалға байланысты барлық топтардағы оқу-өндірістік практикалар кейінгі мерзімге жылжытылып, Білім және ғылым министрлігінің № 345 бұйрығына орай қашықтан білім беру технологиясы негізінде жүргізілді. Бұл жүйе студенттеріміздің өндіріспен танысуына, тәжірибеде шыңдалуына , еңбек нарығының сұранысын зерттеуге кедергі келтіргенін жасыра алмаймыз. Есесіне, әдіскер жүктеген тақырыпқа сай көп ізденіп, әдістемелік тағылымды кітаптарды оқуына, өз пәні бойынша көбірек ізденуге жол ашты деп санаймыз. Себебі өз бетімен індете іздену ғана биік жетістікке жеткізетінін ғұламалар ғұмыр тарихынан ұға түсеміз.

Оқу жылының І семестрінде өткізілген оқу- өндірістік іс-тәжірибелер:

1. «Мектептегі баланың алғашқы күні»
2. «Өндірістік оқыту»
3. «Білім алушының таңдауы бойынша практикаға дайындық»
4. «Білім алушының таңдауы бойынша практика»
5. «Бағдарламалық қамтамасыздандыру, құрастыру»
6. «Интернетпен жұмыс»
7. «Компьютерлік технология»
8. «Сыныптан тыс тәрбие жұмысына дайындық»
9. «Сыныптан тыс тәрбие»
10. «Байқау сабақтары практикасына дайындық»
11. «Байқау сабақтары практикасы»
12. «Шеберхана практикасы»
13. «Моделдерді жобалау»
14. «Байқау және бақылау тәжірибесі»
15. «Танысу технологиясы практикасы».
16. «Веб бағдарламалау»
17. «Фольклорлық практика»
18. «Күтуші біліктілігі бойынша практика»
19. «Диплом алдындағы практикаға дайындық»
20. «Диплом алдындағы практика»
21. «Хор практикасы»
22. «Балабақшадағы байқау практикасы»
23. «Мектептегі байқау практикасы»
24. «Оқу практикасы»
25. «Технологиялық практика»
26. «Хор үйірмесіне жетекшілік»

Барлық топтардағы практикалар бойынша қашықтан білім беру технологиясына сәйкес күнтізбелік-тақырыптық жоспарлары бекітілді.Әдіскер-оқытушылар өткізгелі отырған практиканың мақсат –міндеттері ашып көрсетіліп, тәжірибеде қажетті әдістемелік нұсқаулар берілді.Оқытушылармен өткен ол жиналыстарға хаттама түзіліп, рәсімделіп отырылды. Әдіскер-оқытушылар практика тапсырмаларын уақытылы «плотонус» платформасына жүктеді. Машықтанушылармен кері байланыс орнатып, дер кезінде бағалап отырды. Практика біткен соң құжаттарын тапсырып, өндірістік оқытуды есепке алу журналын толтырды.Осы жұмыстар басында өзінің білімін, озық тәжірибесін , тиянақтылығын танытқан үздік әдіскер- оқытушылар : Ш.Молдадосова, Т.Нағалиев, Ө.Ташкенбаев, Н.Ғаниев, К.Әбілқасымова, Р.Мырзаханова, Е.Атабаев, Қ.Абсаматова, Қ.Надыров, Г.Әбдешова, Г.Жылқайдарова, А. Жолдасова, Н.Телходжаева, К.Нағалиева, Б.Ахметовтерге алғысымыз шексіз. Жақсының жақсылығын айтқанда, өзгелерге үлгі болу үшін айтады.Практиканы «плотонусқа жүктеу мен машықтанушымен кері байланыс орнатуда кемшіліктер жібергендерге уақытысында көмек көрсетіліп, қатесін жоюға мүмкіндік берілді. Ол әдіскер – оқытушылардың атын атамай-ақ қояйын, бірақ келесі жолы ондай жауапсыз жандарға практикадан сағат бермеу жөнінде кафедра меңгерушісіне ұсыныс берілетінін ескертемін. Тәжірибелі, жауапты, ізденімпаз ғана үздік шәкірт тәрбиелейді. Тәжірибені жақсы меңгерген маман жұмыссыз қалмайды. Кәсіптік практика кезінде берілген тапсырманы уақытылы орындап, құжаттарын сапалы орындаған ынталы топтарды да атап өту ләзім. Айталық, БА 20-1, МБТ 20-1, МБТ 18-9, МБТ 19-1, ДШБ 17-9/1,2, МДТБ 17-9, ИБ 17-9, КББ 17-9, МИБ 19-9, КББ 18-9, МБТ 19-1, ХБ 18-9, МТБ 18-9 топтарындағы жауапкершілік әдіскерінің тәжірибесінің жемісі мен кураторының жауаптылығынан хабар берсе керек.

Мекеме – жұмыс берушілер мен білім алушылар арасындағы алтын көпір және өзі дайындаған мамандарының жұмыссыз қалмауына мүдделі білім ошағы. Себебі алдағы талапкер қабылдау науқанында жұмысқа орналасқан түлегіңе қарап, мемлекеттік тапсырыс арқылы маман дайындау мүмкіндігін ұсынады. Еңбек нарығының сұранысын зерттеу мақсатында 2020 жылдың 14- желтоқсан күні жұмыс берушілер мен бітірген түлектерімізбен өткен кездесу әсерлі, сұхбаттасу форматында өтіп, қатысушыларды жақсы әсерге бөледі. Алдағы уақытта, карантиндік кезең аяқталған соң бұл жұмыстарды жандандыра түсуге ынталымыз. Ол жұмыс берушілер жәрмеңкесі, сұхбат-конференция үлгісінде өтуі бек мүмкін. Осы іс-шаралар бітірушілердің еңбек нарығына икемделуіне зор үлесін тигізеді деп санаймын.

Келесі үлкен мәселе – мекемедігі «Тігін өндірісі», «Кәсіптік білім беру», «Техник-бағдарламашы» мамандықтары студенттерінің оқу практикасына қолайлы жағдай туғызу. Шеберханаларда жұмыс істеу , тәжірибе жасау мүмкіндігін қол жетімді ете түсу міндет. Теориялық біліммен табысқа жету мүмкін емес, тәжірибеде шыңдалған білім ғана ізденіске, өнер табысқа жол ашады. «Тігін өндірісі» мамандығының студенттерінің шеберханасында білім алушылардың өнім өндіріп, сатуына жол ашу кезек күттірмес мәселе. Бұл туралы Білім министрінің кешегі қаулысы да шыққанын айта кеткен абзал.

Қорыта айтқанда, оқу-өндірістік практика – білім алушының шыңдалар тәжірибе кезеңі. Сол кезеңде оған тағылымды тәжірибесі өз білгенін махаббатпен үйретсе, қыр-сырына бойлатса, ол студент кәсібіне деген қызығушылығын балаға деген махаббатқа ұштастырады. Егер дұрыс әдістемелік көмек көрсете алмасақ, өз мамандығынан жеріп, қызығушылығы жоқ, өз жолынан адасқан маман болып қалыптаспақ. Белгілі тәжірибесі жоқ, білімсіз, еңбек нарығында әлжуаз бітіруші жұмыссыз қалмақ. Сол үшін әдіскер етудің жауапкершілігін әсте естен шығармайық. Жүрегіне от, талабына қанат сыйлар жақсы істеріміз «ҰСТАЗ» деген ұлы атқа лайық екенімізді дәлелдейтін тағылымымыз таса берсін, абыройымыз шекара білмей, әрі аса берсін.